2026 жылғы 15 сәуірде балабақшамызда мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған «АБАЙ АМАНАТЫ – МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ТӘРБИЕЛЕУДІҢ НЕГІЗІ» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың ұлттық және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда Абайдың рухани мұрасын тиімді пайдаланудың ғылыми-тәжірибелік негіздерін айқындау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу және тәжірибеге енгізу.
Конференция барысында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту үдерісінде Абай шығармаларының тәрбиелік әлеуетін қолданудың заманауи тәсілдері ұсынылды. Қатысушылар педагогикалық тәжірибе алмасып, әдістемелік ұсынымдар әзірлеу бағытында өзара пікір алмасты.
Іс-шара «Абай аманаты – ұрпаққа мұра» атты көрмені таныстырумен басталды. Ашылу рәсімі аясында тәрбиеленушілердің қатысуымен тақырыптық бейне-инсталляция және көркемдік-музыкалық композициялар ұсынылды.
Конференция бағдарламасы шеңберінде педагогтер мектепке дейінгі білім беру мазмұнына Абай мұрасын кіріктірудің тиімді жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, іс-шара аясында зияткерлік ойын элементтері, шығармашылық жұмыстар және көркемдік нөмірлер ұйымдастырылды, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына жағдай жасалды.
Шеберлік сыныптар барысында қатысушылар ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, заманауи цифрлық технологияларды қолдану, баланың ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағыттарында тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция соңында ата-аналардың қатысуымен «Бойы бұлғаң» әні орындалды. Аталған республикалық конференция мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ұлттық руханиятты дәріптеу мен Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды.